Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің құрылғанына 110 жыл толуына орай 19 желтоқсан күні «Атамекен» өнер ордасында мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға жаһаншатанушы, аймағымыздың абыз ақсақалы Жайсаң Ақбай, алыс -жақыннан келген мәртебелі қонақтар, жайықтың жақсылары мен жайсаңдары, сондай-ақ Жаһанша Досмұхамедовтің аталас ұрпақтары және колледж түлектері қатысты.
«Тұлғалар монологы» көрінісінен басталған шарада Батыс Қазақстандағы алғашқы білім ошақтарының бірі әскери- реалды училище түлектері Алаш арыстары: Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамбетов, Сабыр Сарығожин, Беркінғали Атшыбаев, оқу орнының атақты түлектері: Есен Орақбаев, Бисен Жұмағалиев, Сәрсен Ақмурзин, Ақмаржан Таубаева бейнелері сомдалып, колледж түлегі А.Қаресовтің әні «Жаһанша» (сөзі М.Балмолда) орындалды.
Колледж тарихы мен бүгінгі бағыт-бағдары туралы деректі фильм көрсетілді.
Өлкетанушы ғалым, профессор Ж.А.Ақбай мен п.ғ.к, қ.профессор, Ш.С.Набидоллина бағаналы білім ордасының шежіресі, ұлағатты ұстаздар мен талантты түлектердің шынайы естеліктері жинақталған «Ізгі ілімнің ізашары» атты мерейтойлық кітаптың тұсауын кесті. Сондай-ақ колледждің директоры қызметін атқарған, п.ғ.д. С.М.Бахишева мен т.ғ.к., доцент, алаштанушы-ғалым, жаһаншатанушы, "Ж.Досмұхамедов атындағы "Қайраткер" қоғамдық қорының төрайымы Д.Д. Сүлейменова оқу орнының 1940 жылғы түлегі, белгілі журналист, ҰОС және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақжайықтың абызы» атты кітаптың тұсауын кесті. (Кітапты құрастырушылар: колледж директоры А.Ж.Қайырлиева мен ардагер ұстаз Б.К.Сапиев .)
Колледж оқытушыларының 30-дан астам оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары Алматы қаласындағы «Алаш Бук» баспасынан жарық көріп жатыр. Естелік кітаптың шығуына колледж түлектері, бүгінгі балабақша меңгерушілері демеушілік жасады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Е.Н.Сафуллин құттықтау сөз сөйлеп, колледждің ардагер ұстаздарын БҚО Білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Колледж ұжымы БҚО Білім басқармасына қарасты БҚО әдістемелік орталығының «Алғыс хаты», «Талап» КАҚ «Алғыс хаты», БҚО басқармаларының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Алғаш ашылғалы бері батыс аймағындағы бастауыш білімнің бастауы болған Жаһанша колледжінің қазіргі күнде де негізгі мамандықтары – «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешісі» мен «Бастауыш білім беру». Мерекелік концертте колледждің түрлі мамандықтары бойынша үйірме, клуб жұмыстары көрініс тапты: «Дарын» клубы(«Қазақ тілі мен әдебиеті»), «Атамұра» оркестрі, «Аrt muzik», «Колледж дауысы», «Жауқазын» би үйірмесі («Саздық білім беру»), «Дене шынықтыру және спорт», т.б. Балалар блогын шығаруға көмек көрсеткен № 37 “Жұлдызай” бөбекжайы тәрбиленушілері мен бөбекжай директоры, колледж түлегі А.М.Айткалиева, «Әуен» және «Айналайын» топтары жетекшісі Дария Бақытоваларға алғысымызды білдіреміз.
Жалпы коледждің тарихы туралы мұрағат материалдары, бүгінгі тыныс-тіршілігі, мамандықтар бойынша жобалар мен бастамалардың бағыты туралы фойеде көрме қойылды.
Оқуда үздік, қоғамдық жұмыста белсенді студенттерге 2018 жылдан бері бір реттік «Жаһанша степендиясы» тұрақты тағайындалып келеді. Колледж директорының оқу-өндірістік істер жөніндегі орынбасары, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «Түлектер ассосациясының» бастамашысы М.С.Мұқашев және колледждің әр жылдардағы түлектері демеушілік жасап 21 студентке «Жаһанша шәкіртақысы табысталды.
Колледждің 110 жылдық мерейтойымен құттықтауға алыс- жақыннан әріптестер, тілеулестер жиналды. БҚО колледж директорлар кеңесінің төрағасы Мұхамбетәлиев Серік Хайырұлы, Абай облысы, Семей қаласы, “М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі”, Мұрын жырау Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі, Қызылорда облысы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжі, Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, Назипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, Қостанай жоғары педагогикалық колледждерінен келген әріптестер құттықтауларын жеткізді.
Алаш рухы асқақтаған шарада Бекболат Тілеухан «Алаш ұраны», 1950 жылғы педучилищенің түлегі, Қазақстанның халық әртісі, композитор Базарбай Жұманиязовтың әні (орындаған колледж түлегі Р.Қуанышқалиева, түлектер), «Рухты жастар» блогы» (жет. А.Тұрарбеков, Қ.Ескайров), колледж студенттер хоры, оқытушылар хоры (жет. ардагер ұстаз Ә.К. Утебаева, концертмейстер А.Б. Утарова), «Бәйтерек», «Дала сазы», «Ұстазым» билері (жет. Г.С.Жолдыбаева) т.б. орындалды.
Мерейтойлық шара- тарихымызды түгендеу, болашаққа бағдар жасау. Тарихи маңызы бар шараны жоғары деңгейде өткізуге ат салысқан колледж ұжымына, демеушілік жасаған түлектерге алғыс білдіреміз.
Ғасырларды бағындырған бағаналы білім ордасының абыройы асқақ, бәсі биіктей берсін!