"Үлгі тұтар ұстаздарым" айдары
Мен, Аюпова Гүлден Ғабделмәлікқызы 2007-2010 жылдар аралығында Ж.Досмұхамедов атындағы іргелі оқу ошағының “Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша білім алдым.
Білікті маман даярлауда орны ерек осы колледжге оқуға түсуімді мен олжаға балаймын. Неге десеңіз, бұл - сапалы білім мен саналы тәрбие ордасы. Ал, үш жыл оқыған топқа өмірі-өнеге, ісі-үлгі Жақыпова Қырымжан Үмбетырзақызының жетекшілік етуі өз алдына бір бақыт. Ұлағатты ұстаз білім беріп қана қоймай, ісімен, сөзімен ең асыл қасиеттерді бойымызға дарытуға айрықша мән берді. Тектілігі көрініп-ақ тұратын, болмыс-бітімі бөлек Қырымжан Үмбетырзақызы айтқан әр сөз әлі күнге санадан өшпек емес. Ал, өңірге белгілі ақын-жазушылардың көзін көріп, дәрісін тыңдасын, бір пайдасына жаратсын деген ниетпен ұйымдастырған тағылымды кездесулері өмірлік азық болды. Колледж қабырғасында игерген білім Алатау баурайындағы қазақ білімінің қарашаңырағы - Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетіне жолдама берді. Осылайша, 2010-2013 жылдары елдегі жетекші оқу орнында білімімді жетілдірдім. Белгілі әдебиеттанушы, ғалым Темірхан Тебегенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, драматург Серік Асылбекұлы, “Сатылай кешенді оқыту” технологиясының негізін қалаушы Нұрша Оразақынова, академик Серік Қирабаев, Серік Мақпырұлы сынды ғалымдардың алдын көрдік. Ал, лингвист-ғалым Оразбаева Фаузия дипломдық жұмысыма жетекшілік етті. Қазір әдістемеде жиі қолданылатын оқу, түсіну, айту, жазу үдерістерін терминдік тұрғыда ғылымға енгізген Фаузия Шамсиқызының тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім ұғымдары зерттеу жұмысымның тақырыбына арқау болды. Оқуымды аяқтаған соң, туған өлкеме оралып, аймақ айнасы “Aqjaiyq” телеарнасының жаңалықтар бөліміне қызметке орналастым. Бүгінде елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды, тың бастамаларды жұртшылыққа жеткізуге, өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне оң ықпал етуге үлес қосып келемін. Колледжішілік мәдени-танымдық іс-шаралар қарым-қабілетімізді арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар облыстық деңгейдегі “Көктем аруы” байқауында колледж намысын қорғау - маған артылған үлкен сенім деп білемін. Оқу ошағында маған ұнаған тағы бір дүние - ұстаздардың білім мен тәжірибені ұштастыруы. Оқытушылар студенттің өзіндік ізденіс қабілетін шыңдауға басымдық берді. Тәжірибеден өтуге жолдама алған мектепте күнделікті беретін сабақтан бөлек, түрлі ғылыми-зерттеулер жүргізіп, әдістемелік нұсқаулықтар дайындауға бейімдеді. Мәселен, облыс орталығындағы орыс тілді мектептерде оқып жатқан қазақ балаларының санына егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіп, статистикасын шығардық. Қалада мемлекеттік тілде ғана оқытатын мектептердің көптеп бой көтеруіне түрткі болуға тырыстық. Айта кету керек, тілдік қатынас турасындағы алғашқы зерттеулерім де осы колледж қабырғасында басталған еді. Курстық жұмысқа жетекшіммен ақылдасып “Тілдесім” тақырыбын таңдап, Фаузия Шәмсиқызының еңбегіне сүйенсе, кейін жоғары оқу орнында профессор Фаузия Оразбаевадан дәріс алып, дипломдық жұмыс қорғадым. Ғылыми жетекшім зерттеу еңбегімді жоғары бағалады.