Алаш рухты қара шаңырақ.
Мен бұл киелі қара шаңырақтың табалдырығын алғаш рет студент ретінде аттаған едім. Көптеген группаластарым сияқты менің де «Дене тәрбиесі» пәнінің мұғалімі болу деген мақсатым осы оқу орнына алып келген болатын.
Спортты серік етіп,атақты спортшылардың фанаты болған көптеген өзім қатарлылар лек-легімен келіп құжат тапсырғанбыз.Атақты педколледжге шығармашылық емтихан тапсырдық. Ұстаздарымыз сырт көзге қарағанда оңай көрінетін «Дене тәрбиесі» пәнінің мұғалімі болу, спортты жақсы көруіңнен басқа,дене тәрбиесінің әдістемесін де жетік білуің керек екенін үйретті. Біз студент болған кезде «Дене тәрбиесі және оның әдістемесінен »сабақ берген Бейсенбай Қуанышкерейұлы Набидоллин.Самбо күресінен жаттықтырушы, қыз балаларға самбо күресінің қыр-сырын үйреткен жаттықтырушы,талапшыл және орынды қалжыңы бар кураторымыз- Ерген Губайдуллиевич Усмановтар өз пәнімізге деген қызығушылығымызды қалыптастырған болатын. Уақыт өте келе студенттік шағымды өткізген,ыстық мекенге оқытушы ретінде оралуым туралы тоқталғым келеді,Жаһанша колледжінің мықты жағының бірі ол өзінің студенттерімен үнемі қарым-қатынаста болуы,байланысты үзбеуі дер едім. Жолымыз түсіп,қолымыз тигенде біз де колледжімізге асығып тұратынымыз да осы тамаша дәстүрдің көрінісі деп ойлаймын. 2010-2011оқу жылының тамылжыған тамыз айы болатын.Білім алған колледжіме кіріп ұстаздарыммен амандасып шығайын деп колледжіміздің «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасына соққан болатынмын. Кафедрада меңгерушісі Набидоллин Бейсенбай Қуанышқалиұлы бар екен.Аман-саулық сұрасып болған соң,үнемі жұмыс басты болып жүретін ағайымыз бірден шаруаға көшті. Колледжге дене тәрбиесінің оқытушысы керек,өзің сияқты колледж түлектерін директорымыз Шалқыма Хайроллақызы қашан да қолдайды,резюмеңді алып келіп, конкурста қатысып бағыңды сынап көрсеңші деген ұсынысын айтып шығарып салды.Сол уақытта педагогикалық жолымды жеке білім беру ұйымында оқытушы ретінде жаңадан бастаған кезім еді.Тәжірбием де шамалы республикаға аты мәлім колледждің оқытушысы болу деген жауапкершілікті алып жүру,өзіме дәріс берген бесаспап мамандармен бір ұжымда жұмыс жасай алар ма екенмін деген қорқыныш та бар.Ойлана келе тәуекел деген шешіммен байқауға қатысып көрдім.Колледж директоры педагогика ғылымдарының докторы,профессор Ш.Х.Құрманалинаның қабылдауында болып әнгімелесуден де өттім.Жылы жүзді,парасатты тұлғаның көзінен шашқан шуақты көріп өзіме колледж оқытушысы деген міндетті арқалап сенімінен шығуға тырыстым.
«Дене тәрбиесі және спорт »кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істей жүріп, алғашқы жылы ауыр гір спортынан үйірме жүргізгенім қызықты естеліктердің бірі болатын. Табиғатымнан толағай болмасам да ауыр атлетиканың әдіс-тәсілдерін оқып, әріптестерден сұрастырып жұмысты жүргізіп бастап кеттім. Спортфактың бір ерекшелігі алдыңда тұрған студенттердің кейбіреулерінің спорттық жетістіктері өзіңнен де артық болуы мүмкін, болып та жатады.Сондай студенттердің бірегейі Түймешев Жұбаныш еді..Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы спорт шебері. Мен оқытушы болып жұмыс жасап бастаған кезде колледждің гір спорты үйірмесіне қатысқан қарулы студентіміз еді. Бұл спортты теория түрінде меңгерген менен көрі практикада өте жақсы білетіндігімен есімде қалды. Жұбаныштан үйренген әдістерімнің арқасында азғантай уақытта гір тасын көтеруді мен де менгеріп алдым.
«Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасында оқитын студенттерге сабақ берудің ерекшелігінің бірі -кез-келген спорт түрінен хабарың болуы керектігі дер едім. Үнемі физикалық формада жүру де басты қажеттілік деп ойлаймын.Маман дайындап жатырғаннан кейін оқу әдістемесіне көп көңіл бөлу,студенттердің көпшілігі спортшылар болып келетін біздің мамандықта лекцияны түсіндіру,тыңдату үшін ізденіспен еңбек қажет екеніне колледжде жұмыс жасаған кезде үйрендік.Білікті басшы Шалқыма Хайроллақызы педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік орта кәсіптік білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының жасақтаушы авторлық топтың жетекшісі ретінде,барлық оқытушылардың ғылыммен айналысуына қолдау көрсетті.Жалықпастан бағыт берді, мүмкіндік туғызды.соның арқасында дене тәрбиесінің оқытушыларының көпшілігі оқу бағдарламаларының авторы болып табылады. Менің «Жүзу және оның әдістемесі» оқу бағдарламасы «Үстел теннисі» көмекші құралы еңбектерім де осы талапшыл,талғамы биік ұжымда жүрген кезде жазылған болатын.
Жаңашылдықпен жасампаздық қырымызды жанып, өзара сабақтарға, жыл мұғалімі байқауына кафедра атынан жас маман ретінде қатынасып жүлдегер атануым,педагогикалық шеберлігімізді шыңдады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасаған уақыттарымның ерекше есте қалған естеліктер де баршылық. Соның бастысы Бауыржан Момышұлының келіні,жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу кешін жүргізгенім дер едім. Кездесудің басталуына он минут қалған кезде шараны сен жүргізесің деген шешім қабылданып,қатты қобалжығаныммен тәуекелге бел буып,апамыздың алдында сөз саптауыма тура келген еді. Жаһанша колледжінде республикалық,халықаралық денгейдегі шаралар жиі өтетін. Кез-келген шараның жоғары денгейде өтуі үшін командалық жұмыс жолға қойылғандықтан,әр оқытушы өзіне қажетті үлкен тәжірибе мен сенім сабақтарын алатын едік.
Қанымызға сіңген ерекше қасиеттердің бірі қайырымдылық жасау екенін терең ұғынған жандардың бірі- колледжімізге жаңашылдығымен келген директор педагоика ғылымдарының докторы Светлана Мендигалиқызы Бахишева болатын.Аз да болса колледж ұжымымен жұмыс жасаған уақытта жоба қорғау бағытына көп көңіл бөлініп түрлі ғылыми жобалар жүзеге асты.Менің ұсынысым бойынша мүмкіндігі шектеулі жандармен тікелей жұмыс жасап қамқорлық көрсететін «Руханият» валонтерлық тобы құрылды. Колледж студенттерінен құралған еріктілер тобына жетекшілік етіп, волонтерлық жұмысты нақты әлеуметтік нысандармен жасауды жолға қойып,сабақтан тыс уақытта Орал қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлескен жұмыстар атқардық. Қарапайым сенбіліктерден басталған валонтерлар қызметі «Арба» тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған мүгедек-азаматтарды қолдау қоғамдық бірлестігімен бірге «Екі жұлдыз» конкурсы байқауын өткізген кездерімен есте қалды.Валонтерлық топ үш жыл жұмысын өз дәрежесінде атқарды. Кез-келген жобаның түйіні болады пандемия кезінде барлығымыз сақтық үшін үйде отырдық. Осы тұста ерікті жұмысымызда жүріп көңілге тоқығандарымды хатқа түсірдім 2021 жылы басылып шыққан «Бұлқыныс» атты кітабым менің колледж қабырғасында қызмет істеген кезеңімнің нәтижесі десем де боларлықтай.
Құрылғанына 110 жыл толып отырған оқу орнында оқып студент болып, оқытушы болып қалыптасқанымды бұйырмыс деп бағалаймын. Бізден кейінгі жастардың да жақсы үрдістерді жалғастыра беруіне тілектеспін.
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінің түлегі, Орал қаласы №22 ЖОББМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайыржан Бақытұлы Таубаев