М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушылары Нугумарова Лаура Нұрбековна, Қожағұлова Жаннұр Рашидқызы
Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне - 110 жыл!
Тұңғыш мұғалімдер даярлайтын оқу орны (мұғалімдер семинариясы) 1903 жылы Семей қаласында, 1913 жылы Орал қаласында мұғалімдер семинариясы ашылған. 1998 жылы колледжге Қазақстанның белгілі қайраткері Жаһанша Досмұхамедов есімі беріліп, 2003 жылы оқу орнының алдына Жаһанша Досмұхамедов ескерткіші орнатылды. 2023 жылы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің құрылғанына 110 жыл толды.
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 110 жылдық мерейтойына 2024 жылдың 19-20 желтоқсан аралығында “Жаһанша колледжіне 110 жыл: тарих, тағылым және жаңашылдық” республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Абай облысы, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушылары Нугумарова Лаура Нұрбековна, Қожағұлова Жаннұр Рашидқызы қатысты.
19 желтоқсан Орал қаласының “Атамекен” өнер ордасында колледждің әдістемелік, шығармашылық көрмесі, ғалымдарық қатысуысен конференцияның пленарлық бөлімі, мерейлық концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Өлкетанушы ғалым, профессор Ж.А.Ақбай мен п.ғ.к, қ.профессор, Ш.С.Набидоллина білім ордасының шежіресі, ұлағатты ұстаздар мен талантты түлектердің шынайы естеліктері жинақталған «Ізгі ілімнің ізашары» атты мерейтойлық кітаптың тұсауы кесілді. Колледждің директоры қызметін атқарған, п.ғ.д. С.М.Бахишева мен т.ғ.к., доцент, алаштанушы-ғалым, жаһаншатанушы, "Ж.Досмұхамедов атындағы "Қайраткер" қоғамдық қорының төрайымы Д.Д. Сүлейменова оқу орнының 1940 жылғы түлегі, белгілі журналист, ҰОС және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақжайықтың абызы» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Концерттік бағдарлама Батыс Қазақстандағы алғашқы білім ошақтарының бірі әскери-реалды училище түлектері Алаш арыстары: Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамбетов, Сабыр Сарығожин, Беркінғали Атшыбаев, оқу орнының атақты түлектері: Есен Орақбаев, Бисен Жұмағалиев, Сәрсен Ақмурзин, Ақмаржан Таубаева бейнелері сомдаумен ашылды.
Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешуінде» берілген мінездеме : «Жаһаншаһ Досмұхаммедов – қара сөздің шешені болса, Міржақып Дулатов – жазба сөздің шебері, ал Халел –нағыз теоретик, көп сөйлемейтін, бірақ өз ісіне мығым адам» деп бағалаған.
Батыс өңіріндегі екінші күніміз Жымпиты еліне сапармен жалғасты. Қадыр Мырза Әлінің туған ауылы - Жымпитыға да келіп жеттік. Бізді Сырым Датов атындағы Сырым аудандық өлкетану музейінің ұжымы әсем әнмен, жаюлы дастарханмен қарсы алды. Музей меңгерушісі Айнагүл Мағауияқызы өлке тарихымен, музейдегі жинақталған жәдігерлермен таныстырды. Музей қорында қазіргі уақытта 6000-нан астам жәдігер бар екен. Музей 5 экспозициялық залдан тұрады. Сырым Датұлына арналған тарихи зал, Қадыр Мырза Әлі және аудан мәдениет залы, ақын Қасым Аманжоловтың досы Абдолла Жұмағалиевтің ерлікпен қаза тапқан сәтін бейнелеген диорамма және екінші дүниежүзілік соғыс кезіне қатысты жәдігерлер, құжаттар, фотосуретер қойылған зал т.с.с. өңір тарихы, археологиясы, тарихи тұлғалардың өмірі, еңбегіне қатысты жинақталған құнды деректермен таныстырды. Әр сақталған фото сурет, жәдігерлердің өз тарихы бар.
Жымпиты ауылында Алаш аллеясы, Алаш Орда музейін де тамашалап қайттық.
Алаш арыстарының еңбегіне лайықты баға беру және құрметтеу – әр ұлтым деген АЗАМАТТЫҢ борышы.
Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 110 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырған Кайрлиева Алтынгүл Жақсығұлқызына және колледж ұжымына алғысымызды білдіреміз. Кәсіби білікті маман даярлаудағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілейміз! Мерейтой құтты болсын!